Аймақтар • 07 Наурыз, 2019

 Қостанай облысында 6500 әйел «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқасымен марапатталған

903 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов 8 наурыз мерекесіне орай өткізген салтанатты жиналыста айтты. Әйел – ең алдымен ана, отбасылық және ұлттық құндылықтарымыздың тізгіні ананың қолында. Сондықтан ана еңбегі бәрінен биік тұрады. Мұны облыс әкімі де тілге тиек етті.

 Қостанай облысында 6500 әйел «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқасымен марапатталған

«Сіздердің әр күніңіз ерлікке татиды. Басқасын былай қойғанда, Қостанай облысында 6500 ана «Күміс алқамен», «Алтын алқамен» марапатталғанын, 5000 нан аса отбасы көп балалы екенін айтсақ та жеткілікті. Ал отбасы –кез келген мемлекеттің іргетасы» деді Архимед Бегежанұлы.

 Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияға облыс өңіріндегі көп балалы аналар, бизнестегі, өнердегі және экономика мен әлеуметтік саладағы еңбек майталмандары, ардагерлер жиналды. Әйелдер бизнесте де, өнерде де, жалпы облыс экономикасының, әлеуметтік саласының дамуына ерлермен бірдей атсалысып отыр. Өңірде әйелдер кәсіпкерлігі дамып келеді, ол үшін қолайлы жағдай да жасалған. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда әйелдердің орны ерекше екенін айтқан орынды. Облыстағы 27196 кәсіпорын мен ұйымды  25 мыңнан астамын әйелдер басқарып отыр! «Даму» қоры әйелдер кәсіпкерлігін шағын несиемен қамтамасыз етеді. Өткен жылы 1,3 млрд.тенге болатын 67 жоба қаржыландырылды.

Әйелдерге арналған мерекелік концертті облыс әкімінің орынбасарларынан бастап, басқармалар басшылары, белгілі спорт майталмандары, кәсіпкерлер қыздырды. Олардың шырқаған әні мен биі, күйі аруларға арналды.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай